ҚҰРМЕТТІ ДОСТАР!

Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1992 жылдың 18 қарашасында Алматыда 1-ші Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресі өтті. Адамзат тарихында алғашқы рет руханилық мәселесіне немқұрайлықпен қарамайтын барлық діндердің өкілдері, рухани қоғамдық ұйымдар, танымал ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бас қосты. Конгресті өткізу күні кездейсоқ таңдалған жоқ. Жүз жыл бұрын осындай съезд өткізу идеясы Чикаго қаласында (АҚШ) ойластырылды, бірақ, өкінішке орай, бұл іс-шара кейіннен жалғасын таппады.

«Ғарыш. Жер. Адамзат.» сөздері Алматыда өткен Конгрестің негізгі ұранына айналды. Конгрестің басты идеясы ауқымды түрде көрініс тапқан дәл осы қысқа да нұсқа сөздер оның жұмысы барысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген дүниетанымы мен діни наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіре алды.
Конгрестің ең ұмытылмас сәттерінің бірі – ашылу салтанатында Республика Сарайында үш мың адам бір күмбездің астында, бір екпінмен Жаратушыға жүректерінің ең ізгі ниеттерімен дұға еткен сәті болды. Олар Жерде бейбітшілікті сақтауды, дүниетанымы мен діни сенімдеріне қарамастан, күллі адам баласына төзім мен даналық беруді, жетім мен ғаріп жандарға қорек мен пана беруді сұрап, жалбарынған дұғалармен үндесіп жатты. Бірыңғай медитация уақытында болған ынтымақтастықты сөзбен жеткізу қиын. Дәл сол мезетте осы 20 жыл бойы ұлы бастаманы демеуге энергия беріп, қозғалысымыздың негізін қалаған адамдардың үміттері мен жұмыстарын жалғастыруға жігер мен қайрат беріп келген күш пайда болды.
Бүгін мен өмірден мезгілсіз өткен «Мәдениет арқылы бейбітшілік» Халықаралық ассоциациясының президенті – Валентин Митрофанович Сидоровты, көрнекті ақын әрі публицист, «Мәдениет арқылы бейбітшілік» Халықаралық ассоциациясының бас хатшысы – Г. Веселицкийді ерекше құрмет және ықыласпен еске аламын.
Мен біздің рухымызды демеп және қатайтып келе жатқан, қозғалысымыздың бастамасы болған және оның санатында әлі күнге дейін жүрген адамдарға шын ниетіммен үлкен алғысым мен ризашылығымды білдіремін. Олар: Тульск және Белёвск Митрополиті (20 жыл бұрын –  Алматы және Семей Архиепископі) Алексий, «Келісім» қоғамдық орталығының жетекшісі, нағыз бітімгер әрі гуманист Инна Ипполитовна Немировская-Кун, «Мәдениет арқылы бейбітшілік – Еуропа» Халықаралық ассоциациясының президенті Вильгельм Аугустат, менің досым – көрнекті қаламгер, ақын әрі қоғам қайраткері, БҰҰ-дағы Қазақстанның өкілетті өкілі Олжас Сүлейменов, тамаша Ресейлік ақын Эдуард Балашов және тағы басқалар.
I Конгресті өткізуде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің атқарған рөлі ерекше. Оның қолдауынсыз бұл Конгресті өткізу тіпті мүмкін емес болатын. Оның шақырылған уақытын еске алсақ жеткілікті. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанға әлі бір жыл толмаған-тұғын. Жаңа ғана ұлы ел ыдырап кетті. Бұл оқиға өзінің артынан әлемге үлкен геополитикалық өзгерістер мен адамдардың жандары мен саналарына терең күйзелістер алып келді. Болашақ әлем құрылысының және жаңа тәуелсіз мемлекеттердің келешек туралы жоспарлары бұлыңғыр көрінді. Экономика терең құлдырауда, адамдардың өмір сүру деңгейі өте төмен болды.
Барлығының алдында елдің және әрбір адамның қарапайым тірі қалу сұрағы тұрғанда, бастысы – біздің ішкі рухани өзегіміздің болуы екендігін, қоғамдық және рухани келісім – біздің баға жетпес игілігіміз бен жақсы өміріміздің кепілі екендігін түсіну үшін біздің Президентіміздің даналығы пен қырағылығына ие болу керек.

«Діни сыйластық үшін! Іріткісіз айырмашылықтар үшін! Мейірімділік жолында бірге қызмет ету үшін!» – бұл ұстанымдар Рухани Келісім Конгресінің жұмысына негіз болды. Қабылданған манифесте оның қатысушылары 18 қараша күнін жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий, адамдар арасында өзара түсіністік, рақымшылық және жақыныңа көмек көрсету күні деп жариялауға шақырды.
Біздің түсінігімізде рухани келісім ешқандай да бірыңғайлықты, унификацияны, жалпыға ортақ дінді білдірмейді. Бірақ біз діндерде бір-біріне қарама-қайшылықтарды емес, оларды біріктіретін бастаманы іздеу жолында біргеміз. Өйткені барлық діндер қарапайым және әлемнің барлық адамдарына түсінікті ұстанымдарға негізделеді: өз жақыныңды сүю, көмекке зәру адамдарға жәрдем беру, кедей мен пақырға қолғанат болу, мәңгілік өсиеттерге сүйеніп өмір сүру. Сол руханилықтың кеңістігі адамдарды біріктіретін, барлығына бірдей сфера болып табылады.
Кез-келген түрдегі озбырлыққа қатаң қарсылық бізді бірлестіреді. Нағыз сенімнің озбырлыққа, өшпенділікке, ксенофобияға және терроризмге тіпті ешқандай қатысы жоқ. Аяқ басқан жаңа мыңжылдық адамдықтың, діни сыйластықтың, ізгілік пен рақымшылықтың жеңісімен есте қалуы керек.
Өткен екі онжылдыққа қарап, біз жоспарланған істің қайсысы іске асып, қайсысын әлі жүзеге асыруымыз қажет екендігін қорытамыз.
Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресінің бастамасымен қазақстандық күнтізбеге қоғамдық маңызы бар күн – Рухани Келісім Күні енгізілді. Аталмыш мереке мемлекеттік органдардың толық қолдауымен, барша қазақстандықтармен тойланады. Бұл ерекше мереке әлемнің басқа күнтізбелерінің бірінде жоқ, бірақ біздің өзге елдердегі жақтастарымыз аталмыш күнді атап өтеді.
Рухани Келісім Күнін өткізумен біз ұзақ жылдар бойы қол үзіп қалған жақсы дәстүр – қайырымдылықты қайта жаңғырттық. Тұңғыш Конгресті өткізгеннен бес жылдан кейін ғана, 1997 жылы, бір күні, бір уақытта дастархан басында Рухани Келісім Күнін атап өту үшін бүкіл Қазақстан бойынша 60 мың адам жиналды. Олардың барлығын мейірімділік пен жанашырлық сезімі, балалық шаққа және жетімдікке, кәрілік пен жалғыздыққа, аурулар мен мүгедектерге деген пәк көңіл біріктірді. 18 қараша күнгі қайырымдық іс-шаралар – бұл тек әдемі ишарат қана емес, шынымен игі іс, ізгілік, жүректің қалауы. Жүректен шыққан ниет оны алғыспен қабылдаған жүректе жауапты жылу оятады. Осылайша, адамдар арасындағы рухани байланыс пайда болады.
«Рухани Келісім Конгресі» Халықаралық қоғамдық қоры және «Мәдениет арқылы бейбітшілік» Халықаралық ассоциациясы жыл сайын адамзаттың өмір сүруіне маңызды, мазмұнды рухани-өнегелік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді.
Рухани Келісім Қозғалысы Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу сияқты жаһандық жобаларды жүзеге асыруға үлкен негіз қалады деп айту, бәлкім, әсірелеу болмас. Астанада осындай съездің үшеуі сәтті өтіп, ендігі уақытта төртіншісіне дайындық жұмыстары аяқталып жатыр. Қазақстан өркениеттер арасындағы «Мұсылмандық әлем – Батыс» үлгісіндегі диалог өткізуді ойластырды.
Қазіргі уақытта, Рухани Келісімге жету идеясы нақтылана түскен шақта, Рухани Келісімге жетудің кілті – Рухани Мәдениет екендігі түсінікті болды.
Біздің қызметіміздің маңызды кезеңдерінің бірі 2010 жылы қараша айының 18-і мен 20-сы аралығында Астанада өткен Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Форумы болды. Оған әлемнің 72 елінен 500-ден астам делегаттар қатысты. Әлемдік тәжірибеде алғашқы рет Форум рухани мәдениеттің екі қанатын: діни және зайырлы руханилықты қосуға шақырды.
Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Форумында қазіргі замандағы технократикалық өркениеттің терең дағдарысы және рухани мәдениет өркениетіне көшудің қажеттілігі туралы айтылды. Форум әлемдік қоғамның назарын жан дүние мен моральдік ұстанымдардың терең тоқырауын жеңудің өмірлік маңыздылығына аударды. Ол барлықтарын өздерінің ішкі күштері мен мүмкіндіктерін жинап, оларды адамдар арасында, Ғарыш пен Табиғат арасында, мемлекет, әлемдік қоғам мен халықтар арасында, адам мен Жоғарғы Әлем арасында үйлесімді қарым-қатынас орнатуға бағыттауға шақырды. Осылайша, Форум дамудың жаңа айналымында Алматыда «Ғарыш. Жер. Адамзат» ұранымен өткен I Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Конгресі эстафетасын қабылдады.
Одан кейінгі әлемде болған оқиғалардың барлығы Форумда жер шарындағы жағдай туралы жасалған сараптаманы тек дәлелдей түсті. Әлем қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа жолағына аяқ басып келеді. Жақында, Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық Форумда 2008 жылғы дағдарыстан дұрыс қорытынды жасалмағандығы мойындалды. Қазіргі әлемдік экономикалық үлгі күре тамырлы өзгерістерді қажет етеді. Жұмыстарынан, жинақтарынан және күнкөріс көзінен айырылып, өмірден түңілген миллиондаған адамдар тек бейбіт наразылық шараларын ғана емес, экстремистік әрекеттерді, тіпті терроризмді жайлауға қолайлы орта болып отыр.
Өздерінің мүдделерін қорғау үшін бүтіндей мемлекеттер қару қолданып, жоқ жауды іздеп олармен күрес жүргізуге дайын. Соңы жоқ жергілікті соғыстар, қарумен қамтылудың бітпес бәйгесі, шексіз жер қойнауын тонау, өздерінің корпоративтік және «ұлттық» мүдделерін қорғауға бағытталған бұл беймаза ойын бүгінгі күнгі әлем құрылымының сүрінер жеріне, шығар жол табу қиын, орасан зор лабиринтке айналды.
Біз түрлі-«түсті» көтерілістердің, жергілікті соғыстар мен қақтығыстардың куәгерлері болдық. Өкінішке орай, бір де бір жанданған немесе қызу өтіп жатқан қақтығыстар әзірше өз шешімін тапқан жоқ, сондықтан адамдар халықаралық бірлестіктердің осы жанжалдарды бейбіт түрде шешуге ықпал ете алатындарына күмәндана бастады. Қазіргі саяси құрылымдар, мемлекетаралық және халықаралық ұйымдар бұл сұрапыл майдандарды тиімді шешуге қауқарсыз. Себеп – олардың қарым-қатынастар туралы қалыптасқан пікірлерге тәуелділігінде, бірінің әлемдегі барлық байлықтарды иемденуге құштарлығы,  ал екіншісінің өз дамуында егемендікке ұмтылуында, мемлекеттер арасында нағыз тепе-теңдіктің жоқтығында, қызу шиеленістер мен мәселелерді шешуде екі түрлі үлгіні қолдануда. Ең бастысы, бұл қарама-қайшылықтар сырт көзге әсерлі көрінетін форумдар мен саммиттерге, көптеген екіжақты және жергілікті кездесулерге, қол қойылған келісімдерге қарамастан жыл санап арта түсуде, өйткені олар әрдайым қарсыластарының өз мүдделерінің шеңберінен шығуға дәрменсіздігі мәселесіне тап болады.
Мұның барлығы, әрине, жер шарын қоршаған өріске кері әсерін тигізеді, тиісінше, ол Жерді адамның салғырттығына жауап әрекет жасауға шақырады. Ауа-райының өзгеруі, жер сілкіністері, цунами, торнадолар, жан-жақты қиратар дауылдар – бұл біздің дөрекі іс-әрекетімізге берген Жер ананың жауабы. Бұл өмірде барлығы өзара тығыз байланыста, мұнда ешқандай кездейсоқтық жоқ, Жер және оны мекен еткен барлық жандар бір тірі ағзаны құрайды емес пе? Сондықтан, өзіміздің жақындарымызға, адам баласының басқа өкілдеріне, тірі және өлі табиғатқа жасалған әрбір олқылықтық бізге бумерангтей қайта оралады. Біз адамның, өкінішке орай, өз қолынан жасайтын экологиялық және техногендік апаттар алдында қорғансыз әрі әлсіз екендігін білеміз.
Осылайша, бүгінгі әлемдегі жағдай осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайдан да ушыға түскендей.
Ал егер барлығы осылай күңгірт болса, адамзаттың келешекке деген еш үміті жоқ па, сонда тәуіптердің жақын болашақта Қиямет күні болатындығы туралы айтқан сөздері рас болғаны ма? Алайда, біз және біздің «Рухани Келісім Конгресі» және «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қоғамдық ұйымдардағы пікірлестеріміз тығырықтан шығар жол бар екендігіне сенімдіміз.
Тек адамның рухани-өнегелік жолында қайта өмірге келуі әлемді құрдымнан құтқаруы мүмкін. Біз әлемді рухтандыру бүгінгі күннің де, болашақтың да атқаруға тиіс міндеті екендігіне сенімдіміз.
Біз, қалыптасқан дәстүр бойынша, Астанада 2012 жылдың 18 қараша күні I Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресінің 20-жылдығына арналған торқалы конференция өткізуді ұсынамыз. Онда өткен кезеңнің қорытындылары шығарылып, біздің қозғалыстың болашақ міндеттері анықталады. Аталмыш конференция 2013 жылға белгіленген II Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Форумына дайындықтың маңызды қадамы болмақ.
Біздің көзқарастарымызға қосылатын және оларға жақын барша қауымды Астана қаласына шақырамыз. Біз бұрын соңды болмағандай бірлікте болуымыз керек, себебі біздің қатарымыз әлі ойдағыдай толыққан жоқ. Біздің әрқайсысымыздың алар орнымыз бөлек, әрқайсымыз өзіміз ойлағаннан да құнды, бағалырақпыз. Біз неғұрлым көп, неғұрлым әртүрлі, бір-бірімізге ұқсамайтын, бірақ бір мақсатпен, бір міндетпен біріккен болсақ, соғұрлым жұмысымыз жемісті болмақ. 20 жыл бұрын басталған ізгі іс өзіне лайықты жалғасын тауып, жарқын болашақта жүзеге асуы үшін қолымыздан келетіннің барлығын жасайық!