2021 жылдың 18 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру шеңберінде, Рухани келісім күніне орай «Қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту» тақырыбында халықаралық конференция өткізілуі жоспарлануда.

18.10.2021

IV. Білім беру және 3 мыңжылдық

Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдарының даму үрдістері

ХХ және ХХІ ғасырларда демократия аясында көп зерттелген саланың бірі – бұқаралық баспасөз құралдары. БАҚ-тың тәуелсіздігі, міндеттері мен мұраттары, қоғам мен мемлекет дамуындағы орыны туралы баяндалған халықаралық құжаттар да, жекелеген ғылыми-сараптамалық тұжырымдар да жеткілікті. Солардың бәрінде ең әуелі белгілі ақпарат көзі арқылы жалпыға таратылатын ойдың еркіндігі жайлы қазып айтылады. Негізгі пікірталас та нақ осы мәселе төңірегінде қозғалады.
Американдық газет редакторларының қоғамы 1923 жылы бекіткен, қазірге дейін маңызын жоймаған «Журналистика дәстүрі» тұжырымдамасында баспасөз бостандығы туралы алғаш рет БАҚ қызметкерлерінің өздері нақты анықтама берді. Онда: «Баспасөз бостандығы – адамзаттың ажырамас құқықтарының бірі. Мұның өзі заңмен тиым салынбағандардың бәрін ... талқылау бостандығына ие болу» делінген.
Заң шеңберіндегі осы бостандық жарияланатын ақпараттың әділ, шын, дұрыс, нақты және анық болуымен, оқырманға адалдықпен, ешкімді алаламайтын туралықпен,моральдық жоғары парасаттылықпен дәйектелуге тиіс.  
Қазақстан – Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарынан бастап баспасөз саласындағы халықаралық беделді құжаттардың аясында БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз етіп келе жатқан мемлекет. Ақпарат құралдары бостандығының кепілі – Ата заңымыз және Республика Президенті.
Елімізде өткен жылдардың ұзына бойында баспасөз бостандығы жолында атқарылып келген демократиялық сипаттағы шаралардың бәріне шолу жасасақ, тәуелсіз журналистика жөніндегі көшқұлаш ғылыми сараптамаға айналар еді. Сондықтан осы бағыттағы негізгі қадамдарға ғана тоқталайық.
Қоғамдар алмасып, нарықтық экономикалық қатынастар орныға бастаған тұстан бергі уақытты БАҚ саласындағы өзгерістермен сараласақ, ақпарат көздерінің даму сатыларын үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі -жалғыз идеологияның пәрменінде болып келген біртұтас ақпарат жүйесінің ыдырауы және қаржылық, идеялық тоқырауға ұшырауы. Екінші кезең - ақпарат әлемінің мемлекеттік және жекеменшік түрінде қайтадан қалыптасуы, кәсіпкерлік баспасөздің құрылуы. Үшінші кезең – еліміздегі экономикалық-әлеуметтік, мәдени реформалардың тереңдеуіне сәйкес әлемдік ақпараттың республиканың эфирлік кеңістігіне енуі және Қазақстанның ғаламдық ақпарат  айдынына талпынысымен сипатталады.
Алғашқы кезеңдердің қиындыққа толы болғаны белгілі. Сол күрделі тұста Республика Президенті жаңа қоғамға ақпараттық берік демеу керектігін ойлап, баспасөздің беделін және ел мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін көтерудің мүмкін жолдарының бәрін қарастырды. 1993 жылы БАҚ қаламгерлеріне арнаған сөзінде өтпелі шақтағы қиындықтарға тоқтала келіп: «Республикада қалыптасып отырған жаңа экономикалық, әлеуметтік ахуалда мұндай сыннан өтудің сөзсіздігін түсіндіруде журналистер сөзінің жауапкершілігі зор. Нарықтық қатынастар мен қоғамды одан әрі демократияландыруға бұдан басқа парасатты балама жоқ екенін баршаның түсінуі керек» - деген еді.
БАҚ ұжымдары, елдің көрнекті баспасөз өкілдері Президентті қолдады, ақпарат тасқынында тәуелсіздік рухымен суарылған, жігерді жаныған, келешекке сендірген жаңа лептегі мазмұнды мақалалар басым болды. Бұған республика таңдаған саяси-экономикалық бағыттың дұрыстығы, Елбасының журналистер қауымымен жиі кездесіп, олардың ой-ұсыныстарын барынша қанағаттандыруға ұмтылуы, ақпарат қызметінің алғы мұраттарын дер кезінде дәл айқындап бере білуі айрықша ықпал етті. Президент 1998 жылдың 3-шілдесінде БАҚ-ты өндірістік және тарату кезіндегі қосымша құн салығынан босату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл ақпарат жүйесін қаржылық дағдарыстан неғұрлым тез алып шығу үшін жасалған батыл қадам еді.
Сол бір кездесуде Президент баспасөз жетекшілерін ТМД және шалғай шетелдердің ақпарат қуаттарымен тең түсетін қазақстандық БАҚ құруға шақырды. Соған қажетті алғышарттардың бәрі жасалуына ұйтқы болды. Республика 1991 жылдан бері қарай ақпарат құралдары туралы заңнаманы ұдайы жетілдірумен болды. Осы жылғы 28-тамызда  «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң қабылданды. Ол елімізде мемлекеттік емес БАҚ-тың пайда болуына және жедел дамуына қолайлы жағдай туғызды. Ақпарат әлемінде бәсекелестік туды. Баспасөз бен эфирлерге жаңа мазмұн берген ірі медиа бірлестіктер өмірге келді. Халықтың ақпарат алу және талдау мүмкіндігі молайды. Енді осы оң үрдісті одан әрі дамытудың құқықтық негіздері қажет бола бастады. Соған орай Елбасы 1997 жылы 3-желтоқсанда «Қазақстан Республикасының біртұтас ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Президенттің тапсыруымен 1999 жылы жаңа заң күшіне енді. Көп ұзамай, 2001 жылы оған елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы заңдардың қай - қайсы да БАҚ-ты демократияландыру, әлемдік талаптарға сай жетілдіру және саясаттан тыс дамуына жол ашу үшін барынша тиімді болғаны ерекше атап айту керек.
Жетістігің  бар болса, желпінтіп айтсаң да, жалауларып айтсаң да жарасады. Қазақ елі күрмеуі қиын сонау 1992 жылдың өзінде БАҚ еркіндігі туралы әлеммен бетпе-бет сұхбаттасты. Республика Президентінің ұйғарымымен Қазақстан Үкіметі ЮНЕСКО-мен бірігіп, Алматы қаласында тәуелсіз ақпарат құралдарының халықаралық конференциясын өткізді. Оған дүниежүзінің 160-тан астам елінен делегаттар келді. Бұлардың дені жаһанға белгілі аса ірі телерадиокомпаниялар мен газет-журналдардың, баспалардың жетекшілері, әйгілі тілшілері еді. Осы беделді шығармашылық топпен бірге қазақстандық журналистер баршаға  мәлім «Алматы Декларациясын» қабылдады, жаһандағы әріптестеріне  цензурасыз, шектеусіз әділ БАҚ туралы мәлімдеді. Әлі бұғанасы бекіп үлгермеген жас мемлекеттің сөз бостандығын біржола таңдағаны және сол жолда батыл қадамдарға баратыны туралы ашық жария етті. Бұл нық шешімді Нұрсұлтан Әбішұлының осы конференция өткен соң бір жылдан кейін баспасөз жөнінде айта келіп: «Демократияның тағдыры бұқаралық ақпарат құралдарының қалай дамитынына барынша тікелей байланысты болмақ» - деп айқын баяндауы да дәйектей түсті.
Қазақстанда БАҚ-ты саяси-экономикалық даму сатыларына сәйкес жетілдіру үрдісі осылай ұдайы жүріп жатты.
Республика Президенті 2006 жылғы 18-тамызда «Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Ол өтіп кеткен ғасырдың 90-жылынан бергі уақытта баспасөзді жаңа заманға сай бейімдеу мен халықаралық талаптарға сәйкес өркендету жолында жүргізілген жұмыстарды жүйелеп, мазмұн жағынан одан әрі тереңдету, елімізде жүргізілген және жалғасын тауып отырған саяси-әлеуметтік реформалармен үйлестіру мақсатын көздеді.
Тұжырымдамада мына маңызды міндеттерге айрықша назар аударылды және жүзеге асырылу жолдары белгіленді:
1. Ақпарат саласы мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру.
2. Отандық және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін дамыту.
3. Ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамыту.
Сандық теледидарды енгізу.  
Осы үш міндеттің бәрі республикадағы барлық сипаттағы БАҚ-тың
одан әрі өркендеуіне айрықша ықпал етті. Мемлекет осы заманғы әлемдік стандарттарды ескере отырып ақпарат құралдарының сапасын жақсартуға бұрынғыдан да айрықша  мән бере бастады. Бәсекелік ортаны ынталандыру  ақпарат жөніндегі саясаттың негізгі нысандарының біріне айналды.
Қазақстан БАҚ еркіндігі, халықтың ақпаратты жан-жақты алуы және ХХІ ғасырдағы ақпарат алмасу мүмкіндігін молайту жөніндегі халықаралық талаптарды кеңінен жүзеге асырып келеді. Бұл, екінші жағынан, республиканы осы заманғы ақпараттық өркениетке қосудың ықпалды жолы. Қазіргі таңдағы ақпарат жаһандық ақыл-ойдың әлемге барынша жедел ортақ болуының құралы. Ғаламда бүгінде шын мәнінде ақпарат революциясы қаурыт жүріп жатыр. Мәдениет, технология т.б. салалардағы соңғы жетістіктердің планетаның түкпір-түкпіріне тез жетуі микроэлектроника жүйесін ғаламат шапшаңдықпен дамытуға, бұл өз ретінде ғылымға негізделген өндірісте еңбек өнімділігін миллион есе арттыруға әсер етті.
Бұқаралық дегеніміз – ақпаратты көпшіліктің қабылдауына қолайлы етіп тарату. Жаңалық, саяси немесе әлеуметтік хабарлар қарапайым тілде белгілі бір түсініктемелерсіз қазқалпында беріледі. Көпшілікке мәдени шоу түріндегі танымдық бағдарламалар жиі ұсынылады. Элиталық бұған керісінше аналитикалық талдау  хабарларына құрылады. Саяси сараптамалық, мемлекеттік талдау т.б. бағдарламаларына басымдық беріледі. Егер дамыған елдерде белгілі осындай арналар түрлі тақырыптарға басыбүтін бейімделсе, Қазақстанда жекелеген телеарналар саналуан тақырыптағы бағдарламаларды араластыра беруге мәжбүр. Мұны ақпараттық мүмкіндіктің белгілі дәрежеде шектелуі десек, оған Үкімет пен тиісті министрліктерден бұрын Республика Президенті назар аударып отыр.  Нұрсұлтан Әбішұлы бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында осы мәселеге арнайы тоқталды. Журналистердің шетелдік ақпаратты еркін таратудың идеологиялық салдары туралы сауалына жауап бере келіп: «Шетелдік арналардың бәрінен шошынта сөйлеу дұрыс емес,- деп атап көрсетті. – Кейбір арналар арқылы қаншама тартымды хабарлар беріледі. «Дисковери», «Культура», «История» сияқты арналардың танымдық құндылығы ерекше жоғары. Өзімізде ондайлар жоқ. Елдің білімін көтеретін, көп мағлұмат беретін сол арналардан үйренуіміз керек. Бара-бара ондай тақырыптық арналарды біз де ашатын боламыз. Мен жақында «Жас Отан» жастар қанатының съезінде қазіргі «Еларнаның» негізінде мәдениет, спорт және жастардың рухани – имандылық құндылықтары мәселелеріне арналған телеарна құру туралы мәселені шешуді тапсырдым».
Президенттің бұл ұйғарымы оның барлық бастамалары секілді мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып отыр. Мұның нақты дәлелі – 2009-2011жылдарға арналған республика бюджетінде сандық телеарналарды құру арнайы баппен қаралып, мақсатты қаржы бөлінуі.
Сандық теледидардың іске қосылуы бір ғана «Қазақстан» арнасының жанынан бірнеше жаңа арна ашуға мүмкіндік туғызады. Сол кезде Республика Президенті алға қойып отырған маңызды міндеттердің бірі – қазақ тіліндегі теледидар хабарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты түбегейлі жүзеге асады. Мемлекеттік тілде тәулік бойы хабар тарататын жеке арна ашу мұраты да орындалады.
Елбасы отандық БАҚ-ты осы заманғы  деңгейде ұдайы дамыту қажеттігіне мән бере отырып, тағы бір маңызды міндет жүктеді. Ол -  Республиканың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанның ұлттық мүдделерін халықаралық аренада, нақтырақ айтқанда ғаламдық ақпараттық кеңістікке  ілгерілету мақсаты.
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегенде Президент әлемде жүріп жатқан ірі өзгерістерді назарда ұстап отырғаны белгілі. Бұл өзгерістердің ішінде ортақ ақпараттық кеңістік құру мұраты мемлекеттердің үндесе және үйлесе дамуы үшін пайдалы болары анық. Ел ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасында бұл мәселе нақты ескерілген болатын. Ақпараттың жаһандық жазирасына біз телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту арқылы жетеміз.
Қазақстан өзінің өркендеу жолында талай асқарды еңсерді, оның келешекте ақпарат әлемінде де бой көрсететіні даусыз. Осы өрелі мақсатқа ұдайы талпына отырып, ішкі ақпарат жүйесін одан әрі жетілдіру мақсаты күн тәртібінен түспек емес.
Республикадағы баспасөз еркіндігі жайында қозғаған осы аз-кем әңгімемізде алдымен сол саладағы халықаралық құжаттарға иық тіреп едік. Олардың бәрінің екі тұғыры  бар екенін көрдік: бірі – сөз бостандығы, бірі - әділдік. Қазақстан сөз бостандығын беріп отырып, әділдікті талап етуге құқылы. Елбасының сөзімен айтсақ: «Қоғамға шынайы ақпарат керек. Біріншіден, азаматтардың  нақты өмірдің , сондай-ақ, көпірме сөздің қайда екенін, екіншіден, ақиқаттың және қарақан бастың қамы үшін бұрмалаушылықтың қайда екенін, үшіншіден, іскерлік, парасат, сондай-ақ пысықайлық қайда екенін, төртіншіден, халыққа қызмет етудің, сонымен бірге билік үшін лас әрекеттің қайда екенін білуге мүмкіндік беретін ақпарат керек».
Иә. Баспасөз еркіндігінің мұраты – ақиқат пен әділдік. Ақиқат тұлғаланған ортада әділдік заңғарланады.