І-ші Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресінің 30 жылдығы қарсаңында біз Рухани Келісім Конгресі мен Рухани Мәдениеттің Дүниежүзілік Форумы қызметінің негізгі оқиғаларының хроникасын жариялауды бастаймыз
1990 жыл
«Мир через Культуру» халықаралық қауымдастығы Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресін ұйымдастыру және өткізу туралы шешім қабылдады. Шараның басты ұйымдастырушысы және идеологы «Мир через Культуру» халықаралық қауымдастығының тұңғыш президенті, көрнекті орыс жазушысы, философ және қоғам қайраткері Валентин Митрофанович Сидоров болды. Конгрестің өтетін орны мен уақыты туралы мәселе жан-жақты көтерілді. Нұсқалар бірнеше еді. Қауымдастықтың бастамасы сол кездегі Ресей басшылығынан қолдау таппады. Алайда, конгресті ұйымдастыру комитетінің белсенді, жігерлі ұстанымының арқасында ол Қазақстан басшылығын бұл бастаманы мемлекеттік қолдау қажеттігіне иландыра алды. Конгресс өтетін орын ретінде Қазақстанның астанасы Алматы қаласы таңдалды.
1992 жыл
18-21 қазанда Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқоршылығымен Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресінің бірінші сессиясы өтті.
Конгрестің ашылу күні кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол Чикагода (АҚШ) өткен Әлемдік діндердің бірінші съезінің 100 жылдығына арналған. Аталған жаһандық жоба өкінішке орай одан әрі жалғасын таппаған болатын.
I Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресінің жұмысына әлемнің 22 елінен 54 рухани және қоғамдық ұйымның 500-ден астам өкілі қатысты. Съезде негізгі конфессия өкілдерінің дәстүрлі емес діни конфессияларды ұстанушылармен ресми түрде бірлесіп жұмыс істеуі бұрын-соңды болмаған жағдай болды. Адамзат тарихында тұңғыш рет руханият мәселесін толғандырып жүрген барлық дін өкілдері, рухани қоғамдық ұйымдар, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бір үстел басына жиналды.
Сол 1992 жылы ғаламшардың басқа бір түпкіріндегі Рио-де-Жанейрода (Бразилия) БҰҰ-ның атақты «Жер Планетасы» саммиті өтіп, ол жаһандық деңгейдегі тұрақты даму мәселесін қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл екі оқиғаның маңызды айырмашылығы Рио-де-Жанейроға ресми тұлғалар: мемлекет басшылары, министрлер, шенеуніктер, ал Алматыға өз жан қалауларымен әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері, бейбітшілік жаршылары жиналды. Бір жағынан бастама жоғарыдан – үкімет деңгейінде, екінші жағынан – халық тарапынан көтерілді.
Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресі қатысушылардың құрамы жағынан да, мақсаттары жағынан да бірегей болды. Оған Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Алексий II, Әулие Далай Лама XIV, «Мир через Культуру» халықаралық қауымдастығының құрметті президенті Святослав Рерих және т.б. тілектестік хаттары келіп түсті.
Алматыда өткен Конгрестің негізгі ұраны: «Ғарыш. Жер. Адамгершілік». Дәл осы сыйымды сөздерде Конгрестің негізгі идеялары өте қысқа, бірақ жан-жақты айтылды, олар Конгресс жұмысы барысында дүниетанымы мен діні жағынан мүлде басқа барлық дерлік континенттердегі адамдарды біріктіре алды.
Ең естен кетпес эпизод Республика сарайындағы Конгрестің ашылуында бір күмбездің астында үш мың адам шын жүректен Жаратушыға бет бұрып жасаған ортақ дұға болды. Олар жер бетіндегі тыныштықты сақтауға, діні мен дүниетанымына қарамастан барша адамдарға сабыр мен парасаттылық, жоқ-жітік пен жетімдерге ас пен баспана беру туралы үндеумен үндесті. Дәл сол кезде, 30 жыл бойына осы ұлы бастаманы қолдау үшін өмір беретін қуат, күш және бастауында тұрған адамдардың істері мен ұмтылыстарын жалғастыруға мүмкіндік беретін аура пайда болды.
«Ізгілік үшін! Дау-дамайсыз айырмашылықтар үшін! Мейірімділікпен бірге қызмет үшін!» - бұл қағидалар Конгресс жұмысының түпқазығына айналды.
Соңғы пленарлық отырыста ұйымдастыру комитетінің төрағасы Валентин Сидоров осы бітімгершілік акциясының кереметі үшін Жаратқан Иеге алғыс айтып, Конгресті «нұрдың қараңғылықты жеңген ұлы жеңісі» деп бағалады.
Конгресс шешімімен «Рухани Келісім Конгресі» халықаралық қоғамдық қоры құрылып, оның төрағасы болып белгілі композитор және қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов (Қазақстан) сайланды.
Желтоқсанда Мәскеуде (Ресей Федерациясы) Конгрестің Алматы сессиясының қорытындысына арналған конференцияда ұжымдық талқылау мен қайта қараудан кейін Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресінің Манифесі қабылданды.
Қабылданған Манифесте Конгресс қатысушылары оның ашылған күні 18 қазанды қақтығыстар мен араздықтарға мораторий күні, бітімгершілікке ұмтылу, адамдар арасында өзара түсіністік орнату, бірлік пен ынтымақтастық күні деп жариялауға шақырды.
Содан бері Қазақстанның күнтізбесіне әлеуметтік маңызы бар күн – Рухани Келісім Күні қосылды. Оны ел жұртшылығы мемлекеттік органдардың жан-жақты қолдауымен кеңінен атап өтуде. Әлемнің ешбір күнтізбесінде мұндай бірегей мереке жоқ, бірақ оны басқа елдердегі пікірлестеріміз де тойлайды.
Рухани келісім күні ұлтты дәстүрлі адамгершілік құндылықтарға біріктіруге ықпал етеді. Бұл күні атқарылған игі іс барша азаматтардың татулық пен келісім жолында осындай әрекеттерді жасауына бастау бола алады.
1993 жыл
5-12 желтоқсанда Ришикеш (Үндістан) қаласында Рухани Келісім Конгресінің екінші сессиясы өтті.
Ришикеш – Гималай тауының етегінде орналасқан қала. Ол қажылық қаласы ретінде белгілі және индуизмдегі ең қасиетті орындардың бірі болып саналады.
Екінші Рухани келісім Конгресіне діни конфессиялардың, теологиялық мектептердің өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты. Онда планетаның рухани көшбасшылары немесе олардың өкілдері кіретін Халықаралық этикалық комитет құру идеясы ұсынылды. Халықаралық этика комитеті БҰҰ-ға қарағанда қазіргі жағдайға саяси тұрғыдан емес, моральдық беделінің күшімен әсер еткен болар еді.