Ақпарат құралдары "Даламен сырласу" фильмі жайында

«Президенттің бастамасы фильмде көрініс тапты». 6 қазан күні «Известия» газетінің бірінші бетінде осындай тақырыппен шағын мақала жарияланды. Онда өткен сейсенбі күні Нью-Йоркте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамасына орай түсірілген «Дала арқылы үнқатысу» деректі фильмінің премьерасы көрсетілгені көлденең тартылады. Белгілі Голливуд актері және режиссері Армандо Ассанте мен Қазақстанның тумасы Еркін Жалғасовтың бірлесіп түсірген фильмінде Қазақстан тарихының деректері мен түрлі халықаралық қайраткерлердің пікірлері ұсынылған.

Қазақстанға бірнеше мәрте келіп үлгерген А.Ассантенің айтуынша, елдің тарихы, оның тәуелсіздігінің қалыптасу үдерістері мен бұл істегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі режиссерге үлкен әсер еткендіктен, осындай фильм түсіру туралы  идея оянған.


«Известия» газетінің жазуынша, «Нейшнл богемиан холл» кинотеатрында ұйымдастырылған деректі фильмнің тұсаукесерінде бос орын болмаған. АҚШ Мемлекеттік департаментінен, дипломатиялық корпустан, америкалық және халықаралық қоғамдық ұйымдардан, киноиндустриядан және бұқаралық ақпарат құралдарынан көрермендер күткендегіден анағұрлым көп жиналған. Премьераны көріп болғаннан кейін олар «Дала арқылы үнқатысу» фильмі Қазақстанның тарихы мен қол жеткізген жетістіктеріне жаңаша қарауға мүмкіндік бергенін атап айтқан.
Премьераның Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығының көмегімен ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Деректі фильмнің тұсаукесеріне келген меймандар сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы, оның табыстары, толеранттылық дәстүрлерінің бастауы туралы хабардар етілді. Бұған Қазақстанға арналған фотокөрме де септігін тигізді.
«Егемен-ақпарат».


Қазақи әлеммен қауышты

«Қазақстан америкалықтар көзiмен: даламен сырласу» деректi фильмi АҚШ-тың Тампа (Флорида) қаласында өткен «Гаспиралла» халықаралық кинофестивалiнде үздiк деп танылды.
Бүгiнге дейiн Наполеон, Одиссей сынды тарихи образдарды сомдап, әлемге танылған Арманд Ассанте 2010 жылғы қазанда дүниежүзiлiк рухани келiсiм күнiне орай елордамызға келген. Қазақ елi мен жерiне сүйсiнген актер осы ел туралы тың дүние жасауды ұйғарған едi. «Рухани келiсiм конгресi» халықаралық қорының президентi, Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов бұл идеяны жүзеге асыруға талпыныс танытқан. Сөйтiп, елiмiздегi әртүрлi дәрежедегi лауазымды қызметкерлер мен жекелеген топтардың қолдауымен жиналған 150 мың долларға фильм дайындалды.
Елiмiзде түсiрiлiп, Америкада монтаждалған деректi фильмнiң ұзақтығы – 27 минөт. Алайда, осы аз уақыттық бейнематериалға Арманд Ассанте көп мағлұмат сыйдырады. Мұнда елiмiздiң Тәуелсiздiк алғаннан кейiн ядролық қарудан бас тартып, әлемдi бейбiтшiлiкке шақырғаны, әйгiлi «АЛЖИР» лагерiнде жатқандарға тас атқандай болып, құрт лақтырып, жанашырлық танытқаны, қызыл империяның тұтқындарын да аштықтан құтқармақ болғаны сүйсiне баяндалады. Қазақтың 40 пайызын жойған 1932 жылдардағы аштықта сезiмталдықпен көрiнiс табады.
«Қазақстанның соңғы 300 жылда, әсiресе, соңғы 80 жылда бастан өткергенi бұл елдiң әу бастан жер шарына, бүкiл адамзат қауымына ықпал ететiн бейбiтқұмарлығы мен кеңпейiлдiлiгiне байланысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 20 жылда ғажап дүние жасады деуге болады. Құлдырау шегiндегi елдiң еңсесiн көтердi. Әлем мойындап, көптеген елдер санасатындай деңгейге жеткiздi», – деп мәлiмдептi кино авторы Арманд Ассанте АҚШ-тағы «CineBistrо» театрында фильмнiң таныстырылымы өт-кеннен кейiн.
P.S.
Соңғы мәлiмет бойынша «Өркениеттер альянсы» халықаралық қоры жүлделi фильмдi дүниежүзiндегi 80 телеарнаға таратып үлгерген. «Рухани келiсiм конгресi» халықаралық қорының президентi Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, бұл тiзiм тағы 120 телеарнамен толықпақ.
Бұл – Қазақстанды әлем халықтары терең тани бастады деген сөз.
http://www.astana-akshamy.kz/