Қатысушылардың баяндамаларын тыңдап және талқылағаннан соң, «Рухани мәдениет - әлемді жаңартудың кілті» Халықаралық конференциясы Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Форумының (БРМФ) идеялары мен құжаттары кең ауқымда қолдау тауып келетіндігін атап өтеді. Өткен жылдағы оқиғалар легі Форумда жасалған дүние жүзіндегі рухани-адамгершіліктік ахуалдың сараптамасын дәлелдей түсті. БРМФ-ның жұмысы мен нәтижелеріне деген қызығушылық кеңінен таралып келеді. Оның қатысушылары мен жақтастары әлемнің 72 елінде, барлық континенттерде тұрады. Бүкіләлемдік Рухани Мәдениет Форум мақсатына байланысты оңай емес, болашаққа жоспары бойынша еліктіргіш келетін жолдың бастамасы болды.
Дұрыс, анық, жұмылдырар сөздерден ынтымақтастық пен мәдениет арқылы бірігуге, Форумның алға қойған нақты, айқын істеріне көшетін сәт келді.
Біз рухани мәдениеттен ынтымақтастыққа жеткізетін жалпы адамгершіліктік құндылықтарға немқұрайлы қарамайтын баршаларыңызды біздің қатарларымызға қосылуға шақырамыз, себебі біз бір ғаламшарда өмір сүреміз және біздің болашағымыз бір. Барлық ұлттық, саяси, діни, дәулеттік және басқа да айырмашылықтарға қарамастан, ең бастысы – біз адам баласымыз, және біз бір өркениеттің бөлігіміз. Жаһандық мәдени-адамгершіліктік, табиғи, техногенді, әскери және басқа да апаттардың қаупі төнгенде бұл айырмашылықтар жойылып, артқа сырылады. Мәселе әлемдік адам қауымдастығын құтқару жөнінде болып отыр.
Біз мәдениет пен дәстүрлердің бар байлығы мен сан алуандығын сақтай отырып, адамзат өркениетін келешек ұрпаққа мұрағат етуіміз керек. Біз адамдардың жүректерін, ұлттар мен мемлекеттерді қосатын көпірлер салып, оларға жетудің жаңа жолдарын іздестіруіміз қажет. Әркім өзінің жанына көз салып, «Мен не үшін өмір сүрем? Қандай құндылықтарға бой ұсынам? Бұл өмірде қандай із қалдырғым келеді?» деген сұрақтарға шынайы жауап қатуы керек.
Біз ойымыз бен жігерімізді бір арнаға бұрып, миллиондаған адамдарға өзіміздің мүдделеріміз бен ұмтылыстарымызды жеткізуге бел будық. Біз көппіз, және біздің даусымыз дабыл сынды естілетін болады. Осы негізде Астанада 2013 жылы өтетін Екінші Форумның іргетасы қаланады. Біздің барлығымызда бірегей мүмкіндік бар, олай болса, сол мүмкіндікті рух пен ар-намыстың жеңісі жолында қолданайық.
Астана, 18 қазан 2011 жыл