Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы, Алматы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӨРКЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ: БАТЫС-ШЫҒЫС АРАСЫНДАҒЫ
ҮНДЕСТІКТЕР ДИАЛЕКТИКАСЫ

Шығыс пен Батыс – Ғаламның екі жартысы.
Бұл – саналы адамзаттың
Отаны аталатын біздің Жер шарымыз.
Олжас Сүлейменов

Батыс пен Шығыс әлемі.  Түйткіл ғаламның екі жартысы тұтас бір әлем. Ғаламның екі жартысын бөліп тұрған өркениет құндылықтары тұтастанып, жаһандануда.

Өркениеттер сұхбаты ортақ рухани құндылықтардың бесігі. Тұтастанған жаһандану көшінде әр ұлт пен этностың, әр ел мен жердің, әр халық пен мемлекеттің даралығын, келбетін, ерекшелік сипатын айқындауға ұмтылған саясаттың сахнада өз рөлін ойнауы заңдылық. Алып жаһандасу көшінде ұлттық келбеті мен кемелін сақтауға, әспеттеуге, әйгілеуге, аманат етуге ұмтылған өркениеттер өрісінің жаңа лебі, жаңа екпіні әлеуеттенуде.
Өркениетті әлеміміздің тарихы дамуда. Дегенмен сол даму үдресінде тепе-теңдіктен гөрі, не басым,  не кем түсіп жатқан  бағыттардың алмағайып түсуі заманының шындығына айналуда. Бұл бағыттардың бір сарасы Шығыстың Батысқа, ал келесі сарасы Батыстың Шығысқа иегін бұруы басым келуі куә. Бұл заңды да құбылыс. Бірақ бұл үдеріс біржақты емес. Оның екіжақты да қайтарымы бар және болатын үдеріс. Әрине, шығыстық және  батыстық, керісінше батыстық және шығыстық өркениет өзара ықпалдасып, бірін-бірі өркендетуінің өзі осы жаһандық ғаламды ортақтандыра түссе керек. Өйткені бұлай деуімізге, зерттеушілердің пайымдауынша, «Адамзаттың тұрақтылығы екі түрлі бастаулардың – Шығыс пен Батыстың  бірін бірі толықтырылуына негізделеді»,-деуі себеп /1/.
Батыс пен Шығысты мәдени екі тұма ретінде қарастыра отырып, зерттеуші қауым ортақ бір қағидаға тоқталады /2/. Ол Батыс пен Шығыстың адамзат мәдениетінің екі тармағы, екі өркениеті, екі түрлі өмір сүру ұстанымы екендігі. Шын мәнінде, олар бір-бірінен рухани да, материалдық да құндылықтарымен ерекшеленіп, алшақтағанымен осы екі әлемді тұтас бір өркениет ретінде қарастыруға болады.
Тарихқа үңілсек. Жаңаға ұмтылған, ескіні қызметі кәдеге жарап болған дүние ретінде   қарастырған Батыс өте қарқынды дамыса,  ал әлемнің дамуын бақылаушы ретінде қарастырған, табиғат пен бүткіл табиғи әлемді қадірлеген әрі өмірдің даму мәнінен үйлесімділік іздеген Шығыс асыға қоймады.
Сонымен, Батыс пен Шығыстың мәдени әлемін ерекшелейтін, оларды бір-бірінен ерекшелейтін нендей өзгешеліктер бар. Олардың мәдени, өркениеттік дамуы, әлеуметтік-экономикалық құрылымы, саяси өмірінің қалыптасуы, рухани жаңғыруы жолындағы басты ерекшеліктер қандай?   
Еуропалық Батыс адамы Шығыс адамының қолынан келмейтін өнерге (машина жасау, техникалық табыстар т.б.)  баулыдым деп санап келді.  Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Дегенмен қалыптасып қалған қағидатты Шығыс өркениетінің жаңа келбеті мүлдем өзгертті деуге болады. Мәселен, Жапония.  Күн Шығыс елі тұрақты экономикасы мен саяси құрылымен әлемнің ең жетекші елдерінің біріне айналды. Және де ғылым, техника, электроника, тіпті басқа мәдени құндылықтарға негізделмеген өзіндік рухани дамуы ең прогрессивті елдер санатына қосты. Ал аспан асты елі – Қытай бүгінде әлемдік нарықта ең байсалды ұстанымға, орасан әлеуетке ие болып отырғанын ең қуатты держава саналып келген Американың өзі мойынсұнып отыр. Қытай ХХІ ғасырда тек экономикалық дамуымен ғана емес, сондай-ақ саяси дамуымен де ерекшеленуде. Ғасырлар бойғы қатталып, сақталып, бүгінгі ұрпаққа жақсы мен жаманның бастауы іспеттес ин мен яннің мәңгілік философиясынан үйлесімдік іздеген рухани құндылықтардың өркендеуімен  ерекшеленуде.
Батыс пен Шығыстың арасындағы айырмашылық писхологиялық тұрғыдан, екі өркениеттің менталитеті тұрғысынан алғанда байқалатыны рас. Еуропалық пен күншығыстық философиясы түрліше. Бұған олардың табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарасы мен қарым-қатынасы куә. Оған еуропалықтың табиғат «ғибадат тұтушы емес шеберхана» ретінде таныса, ал шығыстық тұлға табиғатты өзімен бірге «тұтас әлем» ретінде қарастырады.
Дегенмен осы екі өркениет, екі мәдениет арасындағы айырмашылықтар жігі анық бола тұра олардың қайсысы үздік деген сұраққа жауап іздестіру артық болар еді. Өйткені екі өркениет жер шарының екі жартысы сияқты, полярлық әлемнің өзіндей бірін-бірінсіз болуы, өмір сүруі мүмкін емес тұтастық әлемі. Осы күнге дейін айтып келген Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықтар мен бәсекелестік қазіргі жаһандану әлемінде тұтастанып, үйлесімдік пен бірлікте дамуы белең алуда. Сондықтан бүгінгі адамзатқа ортақ әлемді Батыстың да, Шығыстың да парасатты, дарынды, өнерлі тұлғалары өркениетті дүниеге   айналдыруда.
Шығыс өркениеті өмірге қабілетті келді.  Ол көптеген шапқыншылықтар мен отарлау саясатын бастан өткерді. Шығыс өркениеті икемділігі мен өміршеңдігін арқасында осынау өзгерістерден өз жолын таба білді.  Дегенмен өзіне ұқсас келмеген дүниелерді өңдеген жаңа бағдарлама жолындағы, техника жағынан дамыған Еуропа өркениетінен Шығыс   та қалыса қоймаған болатын.
Осынау түрлі мәдениеттер тоғысындағы өркениет әлемі бір-бірін толықтыра отырып, жалпы әлемдік мәдениетті құрады. Мұнда Шығыс пен Батысты біріктіретін  түрлі құндылықтар мен менталитеттердің үйлесімі қашан да салтанат құрмақ.
Қазіргі заманғы жаһандану өріс алған тұста жер шары түрлі элементтерден құралатын тұтас жүйеге айналуда. Осы орайда «Ғаламдық Шығыс және Батыс  тарихы мына  элементтердің негізін  қалаушы  дуализмге: Жер мен Су, Құрлық пен Теңізге толықтай тәуелді»,-дейді Карл Шмидт.
Осынау жаһандану үдерісінде болашақтың дамуы мен таяу болашағы туралы мәселелер маңызды. Батыс адамының, батыстық өнердің рухани тоқырауы жалпыға мәлім болуда.  Кейбір зерттеушілер Батыс мәдениеті мен өнеріне негіз боларлық  қағидаларды қарастыру мәселесін атауда. Сонымен қатар қазіргі заманғы Батыс өнерін қазіргі заманғы Шығыстың рухани мұрасымен салыстыру қажеттігі де туындауда.
Әлемнің тұтастануы жайлы қағидалар бүгінде мәдениетаралық үндесулер мен жаллпыадамзаттық төзімділік ұғымдарын дүниеге әкелді. Жаһандану жағдайында мәдениетаралық үндесу елдер арасындағы қарым-қатынасты орнатуға, жалпыадамзаттың бір-бірін түсінуде «біз» ұғымын түйсінуге  ықпал етуші әлеуметтік мәдени фактор ретінде қарастырылуда.
Жаһандық ойлаудың негізіне  пікірлер мен идеялар алаңының, ұстанымдар мен әлемге деген көзқарастың  үндесуі жатады.  Нақ осы үндесулер түрлі мәдениеттер мен олардың арасындағы диалогтың түйсіу нүктесі саналды /4/.
Бүгінгі әлемді  бірі-біріне тәуелді экономикалық, технологиялық, ақпараттық байланыс арналары ұстап тұрғаны мәлім. Бірақ бұл байланыс арналарында өркениеттің қас жауы – қақтығыстар мен соғыстың орын алуы өте қатерлі үндеу болып отыр.  
С.Хантингтонның айтуынша, бүгінгі өркениет өзінің тарихы, тілі, діні, мәдениеті, дәстүрлерімен  бір-бірімен ерекшеленеді /5/. Осынау ерекшеліктер «Батыс» және «Шығыс» терминімен айқындалды. Батысқа рационализм, христиан дәстүрі, ағартушылық, демократия,  дербестік тән болса, Шығыс үшін, керісінше, мистерия, сезімталдық, исламдық және буддистік (басқа да) діни ұстанымдар, дәстүршілдік, ұжымшылдық, қауымдастық, мемлекеттіктің ерекше түрі тән келді.  
Батыс пен Шығысты нақты бір елге таңбалау қажетсіз. Бұл географиялық ұғым саналады. Ал мәдениет даму барысында Батыстың да, Шығыстың да белгілерін өзіне  сіңіруі мүмкін.
Диалогқа тән ерекшеліктерге мағыналық және әлеуметтік тұтастық тән. Диалог ерекшелігі де тілдесу барысында екі тараптың да аралық дәрежеде тепе-тең түсуі.  Керісінше болған жағдайда асимметрия белгілері басым келіп, диалог монологқа ұласуы мүмкін. Сондықтан да диалог –  пайда болған тұтастық бөліктерінің тепе-теңдіктерін мойындау.  Тек диалог қана адамзат қарым-қатынастарының симметриялылығы мен тепе-теңдігін таразылаушы.    
Диалог философиясын қазіргі заманғы батыстық мәдениеттің дағдарыстық ахуалының бастауын монолог ұстанымынан, яғни «центризмнен» деп санайды.  1922 жылы М.Бубердің жарық көрген кітабында Батыс дағдарысын «Мен және Сен»  қарым-қатынасының жойылуынан деп санайды /6/.
Сонымен «монологқа» негізделген мәдениет – «орталықтандырылған мәдениет» саналады. Яғни диалогқа қатысушылардың бір тарабы келесі тарапқа үстемдігін танытады да, екінші тарап бірінші тарапты қайталайтын егізіне  айналады.  
«Батыс-Шығыс» диалогына келсек, қазір жағдай өзгеруде. Мәселен, ХІХ ғасырда вестерн үдерісі теңдесе келе еуропалық (батыстық) үлгі жалпыға ортақ танулы тиіс деп саналған-ды. Дегенмен батыс мәдениетін игеру үдерісі өзінің жемісін бере бастады. Мәселен, Ресейде алдымен әдебиетте, атап айтқанда  Тургенев творчествосында романның еуропалық үлгісі жақсы меңгерілді. Французға жақын құндылықтар дүниеге келді. Осы кезде Толстой мен Достовеский осынау француздық талғамды бұзып-жарып, жаңа түрге түрен салды. Еуропалық әлемге орыс сезімін енгізе білді. Еуропаны орыстың ашықтығымен таңырқатты. Үндістан мен Жапония да өзіндік сүрлеуді таңдаған болатын. Шын мәнінде, еуропалық ағарушылар, үнділік ойшылдар саналатын Вивеканада мен Ауробиндолар Батыстағы үнді мәдениетінің келбетін танытқан болатын. Нақ еуропалық білімдар  жапондықтар  еуропалықтар мен американдықтарға өздерінің дзен-буддизмге жан-дүниесімен берілгендігін әйгілей алды /7/.
Қырғи-қабақ шымылдығы түрілмей тұрған кезеңде диалог тек қана қарама-қарсы тараптың кемістігін айту мен сынаудан аса алмаған болатын.  Жаһандық қарама-қайшы екі жүйе – коммунизм мен антикоммунизм өркениеттік бастаулардың түбегейлі әркелкілігін және де жөнге келмейтін антиномиялығын дәлелдеп баққан болатын.   Шын мәнінде, зерттеушілердің бар назары Батыс пен Шығыс дәстүрлерінің өзгешеліктері мен бір-біріне ұйласпайтын сипатын сараптауға бағытталған еді. Мұнда диалог кері байланысқа түсе алмайтын жабық жүйе ретінде қарастырылды.
Бүгінде әлем тұтастануда. Жаңа ынтымақтастықты қажет етуде. Бірлесіп даму мен өзара қауіпсіздік жолындағы ынтымақтастық жандануда. Қазіргі әлемде бірде бір өркениет өзінің мәдение ерекшеліктеріне қарамастан жаһандық экономикалық та саяси да модернизация үдерісінен тысқары қалмақ емес. Мысал ретінде осынау өзара бір-біріне тәуелділік әлемінде Батыс елдері Шығыстық пробемалардан тысқары өзінің  қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін емес.         
Батыс экономикалық, саяси және мәдени стандарттарының жаһандық экспанциясы, батыстық мәдениет үлгілерінің шығыс аймақтарына жасанды таңылуы  Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықты ушықтыра түспек. «Мәдениет диалогы» ұғымы «Мәдениет өнімдерімен алмасу» баламасына алмасып, барлық құндылықтар жойылып, барлық құндылықтар мен мәдениеттерді  тауарға айналдырады. Осыған орай ширек ғасыр бұрын ғалым К.Леви-Строс өзінің ойын былай деп білдірген болатын: «Қазіргінің адамы мәдениет арасындағы айырмашылықты өзіне ұнамсызын жоя отырып, түсінуге талпынады».
Батыстық-шығыстық диалог таяу 10-15 жылда қандай болады деген сауалдар, әрине, көптеген зерттеушілер мен саясаткерлерді, мәдениет пен өнер, дін қайраткерлерін толғандыратыны заңды.  Болашақты болжау қиын. Бүгінгі ықпалды идеялар ертең-ақ өзінің күшін жоюы мүмкін. Керісінше, бүгінде тек қана атауы бар идеялар, ертесіне ақыл мен ойдың шыңына өрлеуі мүмкін. Дегенмен екі әлем – Батыс-Шығыс арасындағы диалог қашан да жалпыадамзаттың ынтымақтастығы мен бірлігіне негізделуі, басты ұстанымына айналуы, болашаққа болжар аспашамындай болуы тиіс. Бұл мыңдаған ғасырлардан мұрамен жеткен кешегі өркениеттің,  ғаламат жылдамдықпан дамып бара жатқан жаһанданудың жемісі саналатын бүгінгі өркениеттің және де болашақ ұрпаққа аманат етерлік ертеңгі өркениет талаптары.  

Әдебиеттер:
1. Панарин А. Глобальное политическое прогнозирование. Москва, 2005. С.56. 2. Тойнби А.Д. Современный момент истории // Цивилизация перед судом истории. М., 1995. С.32.
3. Григорьева Т. П. Дао и логос: встреча культур. – М .:Наука, 1992. – с.29.
4. Махлин В.М. Я и Другой: истоки философии диалога ХХ в. СПб, 1995. Его же: Я и Другой: к истории диалогического принципа в философии ХХ в. М., 1997.
5. Хантингтон С. Столкновение цивилизаций. Полис, 1994, № 1.
6. The philosophy of Martin Buber, ed. by P.A.Schilipp and V.Friedman. La Salle-London, 1967. P.24-25.
7. Бернар Э.Диалог культур. 50/50: Опыт словаря нового мышления. М., 1989. С.22.