Жаһандану жағдайындағы Түркі әлемінің мәдени-рухани ынтымақтастығы
1991 жылы КСРО-ның жойылып, түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздік алуы Түркі әлемінің қайта жандануына түрткі болды. Аталған елдердің барлығы да жетпіс жыл бойы кеңестік саясат салдарынан Түркиямен байланысын үзіп алған болатын. Түп тарихы мен тілі, мәдениеті мен діні ортақ осы елдердің басын біріктіруге түркітілдес мемлекеттердің барлығы мүдделі болғанымен, бұл ретте негізгі міндетті Түркия Республикасы атқарды. Осы орайда академик Әбдуәлі Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы: «Советтер одағы тарағаннан кейін «түркі әлемі», «түркі дүниесі», «түркі қауымдастығы» деген ұғымдар қалыптасып, тарала бастады.
Бұл идеяның түпкі мақсаты – сонау ерте кезде бір ұядан түлеп ұшып, көптеген Еуразия елдеріне өз үстемдігін жүргізіп, көшпелілер мәдениетін таратқан, алайда тағдырдың тәлкегімен жер бетіне тарыдай шашылып, шөре-шөре болып, арасы алшақтап кеткен миллиондаған түркі халықтарының бүгінгі жаңа заман толқынымен қайта жаңғырып (тегін анықтап, рухани байлығын түгендеп), тұтастығын тану, тіл бірлігі, дін бірлігі, діл бірлігі ортақ мәдениет негізінде жаңа ғасырда «түркі дүниесі» болып жаңаланып бару.
Ол үшін «ортақ тіл, ортақ жазу керек» деп, бұл игілікті идеяға мұрындық болып отырған Түркия елі бар» [1, 226-227-бб.] - дейді. Ғалымдардың айтып отырған ойлары негізсіз емес. Себебі, түркітілдес мемлекеттер – аты айтып тұрғандай бізге тегі, тілі, діні, ділі, мәдениеті мен салт-дәстүрі, ұлттық болмыстары тұрғысынан жақын, тарихи тамырлас елдер. Сондықтан да, осы мемлекеттерде ортақ жазудың керектігін лингвистер, саясаттанушылар, түркологтар, тіпті мемлекет басшыларының өздері де айтып келеді. Ал, бұған ортақ жазу ретінде алуға көне түркі руна жазуы қиындық тудырады, араб жазуы қанша тарихи тұрғыдан таныс болғанымен, оның да ақпараттық технология тұрғысынан кемшін тұстары бар, кирилл әліпбиі мен түркі елдерінің тілдік ерекшеліктері мен заңдылықтары, осы тілді тұтынатын халықтың психологиясы мен ұлттық идеологиясы еш қабыспайды, ең оңтайлысы – латын графикасы болып отыр. Бұл тұста түркітілдес мемлекеттердің ұлттық ерекшеліктері мен саяси-лингвистикалық ұстанымдарының маңызы зор.
1991 жылы Түркия Президенті Тұрғұт Озал тәуелсіз түркітілдес мемлекет басшыларының І-құрылтайын өткізіп, түркі халықтарын саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтасуға шақырды. Осы құрылтайдан кейін Түркия мен тәуелсіз түркі мемлекеттері бірігіп, халықаралық конференциялар ұйымдастыра бастады. Егемендігін енді алған түркітілдес мемлекеттерге Түркия мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым салаларында қолдау көрсете бастады. Бұған тарихи тұрғыда негіз болатын себептер бар. Мәселен, 1933 жылы Түркия Республикасының негізін қалаушы М. К. Ататүрік: «... Бүгін Кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұл достыққа бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім де кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты ол да ыдырауы мүмкін. Бүгін уысына қысып ұстап отырған халықтар уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлем сонда бір тепе-теңдікке жетеді. Міне, сол кезде Түркия не істейтінін білуге тиіс. Осы «досымыздың» билігінде біздің тілі бір, наным-сенімі бір туыс бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз қажет. Дайын болу деген сөз сол күнді күтіп отыру деген сөз емес, дайындалуымыз керек. Халықтар бұған қалай дайындалады. Рухани көпірлерін күшейте отырып дайындалады. Тіл – бір көпір, тарих – бір көпір, наным-сенім (дін) – бір көпір. Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстар саласынан да ажырап, өте алыс қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған жер дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біздің оларға жақындасуымыз қажет. Фольклорлық байланыс орнатуымыз керек. Бұларды кім істейді. Әрине, біз! Өздеріңіз көріп отырсыздар, тіл қоғамын, тарих қоғамын ұйымдастырып жатырмыз. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайға жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз. Бірақ бұл жайдан-жай жасалмайды. Атын қоя салумен жасалмайды. Мұның бәрі мемлекеттер мен халықтардың терең ой-пікірлерінің нәтижесі болуы керек» [2, 10 б.] – деген екен. Ататүріктің осы үндеуін іске асыруды көздеген Түркия Республикасы ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында түркі халықтарына латын графикасына негізделген ортақ әліпбиге көшу идеясын көтерді.
Түркі зерттеулері институтының бастамасымен 1991 жылдың 18-20 қарашасында Стамбулдағы Мармара университетінің жанындағы өткен конференцияда тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттерге латын графикасы негізіндегі ортақ әліпбиге көшу мәселесі көтерілді. 1992 жылы құрылған Түркия республикалық білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы түркі халықтары тілдерінің жазуы мен әліпбиіне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізуді қолға алды. Дәл осы жылы Түркия мен посткеңестік түркітілдес мемлекеттер басшылары ортақ түркі әліпбиін әзірлеу және қабылдау мәселесін Анкара, Мюнхень, Анталья қалаларында өткен кездесулерде талқылады. 1993 жылдың 8-10 наурызында Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерінің мәдениет министрлері кездесуінде ортақ әліпби мәселесі қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша латын графикасы негізіндегі әліпбидің ортақ келісілген нұсқасын қабылдау және ресми түрде мақұлдау туралы қарар қабылданды. Алайда, ортақ әліпби қабылдау туралы бастама түркі мемлекеттеріндегі сол кездегі экономикалық қиындықтармен, реформаға дайындықтың жоқтығы салдарынан іске аспай қалды. Дегенмен, әліпби мәселесін қарастыруды Түркия үкіметі тоқтатпады. 1993 жылғы 8-10 наурыз аралығында Түркияның Анкара қаласында ең ірі 6 түркітілдес мемлекет (Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркіменстан) өкілдерінің қатысуымен халықаралық конференция өтіп, онда әліпби мәселесіне қатысты мынадай қарар қабылданды:
«1. Түркі мемлекеттері өздерінің тегі, тілі, тарихы және мәдениеті жағынан ортақтығына байланысты білім, мәдениет, өнер, әдебиет, экономика, технология, денсаулық сақтау салаларындағы қарым-қатынастарды дамытуды қажет деп табады. Бірақ түркі дүниесі бүгінде көп жазулы, көп әліппелі дәуірді басынан кешіріп отыр. Бұл жағдай түркі халықтары, демек тәуелсіз түркі мемлекеттері арасында өз шешімін таба алмай, арман болып келе жатқан бір мәселені тағы ортаға салып отыр.
Конференция мемлекеттер арасындағы әр салада-ақ қажетті туыстық қарым-қатынастың саналы да берік, әрі ұзақ болуын қамтамасыз ету үшін әр түрлі әліппені қолданудың ыңғайсыздығын көрсете отырып, түркі жазба тілдеріне бір принцип негізінде түзілген ортақ әліппенің болуы түркі тілдерінің өзара жақындасуы үшін қажет екеніне ерекше көңіл аударады.
2. Конференция түркі халықтарының қарым-қатынас саласындағы осы бір кемістіктерді ерекше сезіммен түсініп, оларды болдырмау үшін түркі мемлекеттері өзінің алғашқы қадамын бір принцип бойынша, қазіргі заман талабына сай латын негізінде түзілген төмендегі (34 әріптен тұратын) ортақ түркі әліппесін түзуден басталатынын айта отырып, оны әрбір түркі тілі өз ерекшеліктеріне сәйкес қабылдайтынын жариялайды.
Ортақ түркі әліппесі:
Аа, Bb, Cc, Çç, Dd, Ee, Әә, Ff, Gg, Ğğ, Hh, Xx, Iı, Ii, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Ņņ, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş, Tt, Uu, Üü, Vv, Ww, Yy, Zz [3, 15 б.]»
Посткеңестік мемлекеттердің саясатын зерделеуші Я. Ландау: «1992 жылы Түркияның ресми қолдауымен Түркияда жаңа институт, атап айтқана, Түркия республикалық білім беру, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы, қысқартып айтқанда, «ТҮРЕСКО» (атауы, жайдан-жай болмауы керек, «ЮНЕСКО» аббревиатурасымен байланысуы тиіс) құрылды. Осы ұйым жобаларының бірі түркі тілдері әліпбилік жүйелері мен жазулары саласында зерттеулер жүргізу мен сөздіктер құру мақсатында ғылыми орталықтар ашу болды. Осы жылы аталған идеяны қолдау Әзербайжанда сайланған Президент А. Елшібейден күтілген болатын, сол жылы Өзбекстанда 1992 жылы Ташкент қаласында басылған «Орта-Түрк» (Orta-Türk) басылымында «ортақ түркі тілі» идеясын қорғаған мақала жарияланды» [4, с. 92] - деген ақпарат келтіреді. Түркітілдес елдердің түркі өркениетін дамытуға бағытталған іс-шаралары мұнымен аяқталмады. 1993 жылдың 12 шілдесінде Алматы қаласында түркітілдес елдердің мәдени-гуманитарлық салалардағы интеграциясын нығайту мақсатында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан республикалары «ТҮРКСОЙ-ды құру және оның жұмыс істеу қағидаттары туралы» келісімге қол қойды. Бүгінде бұл ұйымға 6 түркітілдес мемлекет пен 8 автономиялық республика мен әкімшілік аумақтар кіреді.
Түркі мәдениетін өркендетуге бағытталған ТҮРКСОЙ-дың басты мақсаттары мен міндеттеріне мыналар жатады:
- түркітілдес мемлекеттер, қоғамдар арасында мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты дамыту;
- түркі елдерінің мәдени құндылықтарын зерттеу, көбейту, қамқорлыққа алу және оларды әлемдік ауқымда түсіндіру жұмыстары;
- біртұтас мәдени кеңістікті құру, тарихи, саяси және географиялық жағдайларға байланысты жатырқаушылықты жою;
- түркі әлемінің мәдени және тарихи ескерткіштерін, жалпы мәдени құндылықтарын анықтау және жүйеге келтіру, оларды сақтауға бағытталған шараларды қабылдау;
- түркі елдердің ұлттық мәдениеттерін дамыту процесін жандандыру, олардың көркем ерекшілігін және бірігейлігін сапалы жаңартылуымен сақтау;
- түркі тіл тобына кіретін тілдерін және алфавиттерін жақындастыруға жағдайлар жасау, латын графикасына және ортақ тілдік қоғамға көшу;
- гуманитарлық саладағы әлемдік интеграциялық процестерді есепке ала отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты ұлттық мәдениетке және тілге тарту;
- түркітілдес мемлекеттердің мәдениеті мен өнері туралы Халықаралық ақпарат орталығын және мұрағатын құру.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының алға қойған мақсаттарының бірі түркітілдес халықтардың латын графикасы негіздегі ортақ әліпбиге көшуіне атсалысу болып табылды. Осы ұйымның мұрындық болуымен түркі мемлекеттері басшыларының бірқатар кездесулері ұйымдастырылып, онда түркі халықтарының мәдени, тілдік кеңістігін қалыптастыру мәселесі талқыланды. Сондай кездесулердің бірі 1993 жылғы 22-26 қыркүйек аралығында Анкара қаласында өтті. Онда Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінің лингвист-ғалымдары түркітілдес мемлекеттердің латын графикасына көшу мәселесін қайта қарастырды. Конференция жұмысының нәтижесінде түркі халықтары үшін ортақ жазу ретінде латын графикасы негізіндегі 34 әріптен тұратын әліпби жобасы қабылданды. Анкара конференциясының соңында декларация қабылданып, қатысушылар мынадай тұжырымдар бойынша уағдаласты:
« - барлық түркі халықтарының тілдері үшін неғұрлым тиімді әрі сәйкес келетін жазу – бұл латын әліпбиі негізіндегі жазу. Осы жалпы әліпби шеңберінде жекелеген түркі мемлекеттері мен автономиялық республикалары латын графикасы негізіндегі осы әліпбиге өздерінің тілдері мен оның ерекшеліктерін бейімдеу туралы шешім қабылдай алады;
- Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстанның ұлттық ассамблеялары жазуларын латын әліпбиіне көшіру туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, Әзербайжанда әліпбиге көшуді іске асыру басталып кетті;
- Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан және Татарстаннан келген конференцияға қатысушылар саяси және экономикалық мәселелерге байланысты жазуларын латын әліпбиіне көшіруде біршама кідіруі мүмкіндігін хабарлады. Дегенмен, олар өздерінің елдері мен аймақтарының жақын болашақта осы жолмен жүретініне үлкен сенім артады;
- түркі халықтары таралған елдер мен аймақтардағы жазбаша тіл мен ауызша айтылымдағы ұқсас, бірыңғай және мағыналас сөздер мен техникалық терминдер санының артуы олардың бір-бірімен байланысын және өзара түсіністігін нығайтатын болады» [5, 54-55-бб.]
ХІХ ғасыр тұсында пайда болған әлемдегі барлық түркі халықтарына ортақ әліпби құру идеясы 1990 жылдың басында Кеңестер Одағының құлдырауынан соң жаңа серпін алғанына тоқтала келе, - этносаясаттанушы Р. Брубейкер: «Кейбір ғалымдар бұрынғы Кеңестер Одағы республикаларында ортақ әліпбиге көшу процесі саяси, лингвистикалық және т.б. қиындықтарға ұшырататын ескерткеніне қарамастан, Түркияда бұл идея зор қолдауға ие болды. Құрастырылатын жалпы түркі тілі бүгінде түркі халықтары сөйлейтін тілден бірқатар айырмашылықтарға ие болатыны туралы да болжамдар жасалды [6, 47-48-бб.] - дейді.
Түркияның латын жазуына көшу туралы идеясы Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінде іске асты. Бұл мемлекеттер өз жазуларын кириллицадан латын графикасына көшіргенімен, олардың жаңа әліпбилерінде өздерінің тілдерінің ерекшеліктеріне сәйкес өзгешіліктер жоқ емес. Соған қарамастан Түркия күні бүгінге дейін түркітілдес мемлекеттер жазуларының латын графикасы негізіндегі ортақ әліпбиге көшу жөніндегі ұстанымды қолдайды. Алайда, бұл мәселе түркітілдес мемлекеттердің қоғамдық-саяси, лингвистикалық, демографиялық және экономикалық ерекшеліктеріне байланысты әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ. Мәселен, ортақ түркі әліпбиі жобасындағы 34 әріптің 2-еуін – әзербайжандар, 10-ын – өзбектер, 8-ін – түркімендер жаңа әліпбилерінде пайдаланған жоқ. Мұндағы негізгі мәселе – түркітілдес мемлекеттердің латын графикасына көшудегі саяси-лингвистикалық ұстанымдарының бір арнаға тоғыспауынан болып отыр. Дегенмен, уақыт өте келе түркі халықтары үшін жаһандану процесіне байланысты ортақ әліпбиге көшудің саяси-лингвистикалық маңызы өзектілене түсетінін айтқымыз келеді.
Отандық лингвист ғалымдардың айтуынша, түркі тілдерінде сөйлейтіндердің негізі – Исламның кіндік жері Түркияда, экономикасы және саны жағынан қалған халықтар аз. Әйтсе де, түркі зерттеулері бойынша Түркиядағы басқа ұлттардың өз салмақтары бар. Түркия жартылай Еуропа елі болып келе жатыр. Түркия Республикасы құрылғанға дейін батыс ықпал етіп келді. Бұрынғы Кеңес Одағындағы түркі халықтары Кеңес халықтары ұрпақтарының қоғамын құрды. 1990 жылы біз қайта құрудың куәгері болдық, барлық республикаларда бөлініс пайда болды, сонымен қатар, Түркияда Ислам идеологиясы кең етек жайды. Идеологияға және саяси жүйеге деген үлкен сенім алфавит таңдауда көрініс тапты. Бүгінде алфавиттік таңдау Латын, Араб, Кириллдің арасында тұр. Кейбір шағын тілдер доминантты тілдердің қыспағында өмір сүріп келеді. Солтүстік Сібірдегі кейбір тілдер мен Қытайдағы сары ұйғырлар, Литва мен Украинадағы қарайым тілі және Қытайдағы фуй тілі жоғалуға жақын [7, 81].
Бүгінгі таңда әлемдегі түркі тілдерінің қолданыс аясы мен табиғи даму мүмкіндіктері әр түрлі. Себебі, түркі тілдерін тұтынатын негізгі этностардың көпшілігі әлі күнге дейін дербес мемлекет ретінде орныққан жоқ. Бүгінгі дейін автономиялық республика дәрежесінде жүрген татар, ұйғыр, башқұрт, қарақалпақ, хакас, алтай сияқты халықтардың тіл саясатында ұлттық мүддеден гөрі, осы халықтарды бағындырып отырған Ресей, Қытай сияқты постимпериялық мемлекеттердің мүддесі басым екендігі дау тудырмайтын шындық. Сондықтан да олардың жеке тіл тарихына толықтай саяси баға берілген жоқ және бұл тілдердің жазба мәдениетінің бүгінгі ахуалы да сол өздерін бағындырып отырған орыс, қытай секілді халықтарға тікелей тәуелді. Осы тұрғыдан келгенде жалпы «Түркі әлемі» тұтастай тәуелсіз деп айтуға әлі ерте. Ал бұл өз кезегінде түркі әлемінің «ортақ тіл», «ортақ жазу кеңістігін құру» секілді арман-мақсаттарының орындалуын қиындатып отыр. Дегенмен, бұл мақсатқа жетуге болады. Ол үшін түркітілдес мемлекеттері, ең алдымен, жазуларын латын графикасына көшіру қажет деп санаймыз.
Түркітілдес мемлекеттердің ұлттық әліпбилерін тарихи тұрғыдан төл жазуы саналатын көне түркі рунаға емес, Ислам діні мен мәдениеті арқылы қабысқан араб жазуына емес, латын графикасына негіздеуінің саяси себебі неде? Бұған жауап ретінде латын графикасының негізіндегі латын тілінің өлі тілге айналуын айтуға болады. Сол себепті латын графикасының иесі саналатын ұлттың жоқтығы осы жазудың идеологиялық үстемдігінің жоқтығын білдіртеді. Яғни, латын графикасына көшу арқылы түркітілдес халықтар ешқандай бөтен саяси идеологияға, бөтен сәйкестілікке ұшырамайды.
Алдағы уақытта Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен бірігіп, мынадай шараларды қолға алған жөн:
- Астанада іске асырылатын «Түркі академиясы» жобасы шеңберінде түркі халықтарының этносаяси тарихын, идеологиялық бағдарларын, ортақ тарихи-мәдени мұраларын жаңаша сипатта жүйелі зерттеуді қолға алу;
- түркітілдес мемлекеттердегі қазақ диаспораларының білім-ғылым, мәдениет саласындағы түйткілді мәселелерін шешу;
- түркітілдес халықтардың ортақ электронды терминологиялық базасын құру;
- түркітілдес елдер бірігіп, түркі халықтарына ортақ теле және радиоарналар, Интернет сайттары мен газет-журналдар ашу керек;
- түркітілдес мемлекеттермен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі күшейткен жөн.