Жастарды дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудегі ұлттық ерекшеліктер
Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму процестерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында мекен ететін халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, дәстүрлі мәдениетімен, салт-дәстүрімен және өткенімен тарихи сабақтастығымен айқындалады. Даму процесінде қол жеткізген тарихи тәжірибесі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі ретпен жинақаталып отырады. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде: «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс», - деп атап көрсеткен болатын [1]. Міне, сол ғасырлар қойнауында қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерін жастар тәрбиесінде, соның ішінде жастардың еңбек тәрбиесінде пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Себебі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне, дәстүрлеріне қайта оралу заманның жай ағымы ғана емес, ол - қоғамдық өмір талабынан туындаған қажеттілік, өйткені мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстық дәстүрлі түрлерін танып-білу арқылы адам баласы оның рухани бастауына терең бойлайды, туған елінің, ұлтының өзіндік ерекшелігін аялап, сақтауға үйренеді. Қазақ халқының сондай дәстүрінің бірі - жастарды дәстүрлі еңбекке тәрбиелеуі.
Сондықтан, қазақ халқының әлеуметтік, рухани-мәдени құндылықтарын сақтай отырып, жастардың еңбек етуге белсенділік қасиетін, дәстүрлі еңбек процесін меңгертуде тұрақты дағдыларын, шығармашылығын қалыптастыруды қамтамасыз ету өзекті мәселе.
Бүгінгі нарықтық қатынасқа көшкен Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеру және халықтың еңбек салт-дәстүрлеріне сүйену арқылы қоғам алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, қоғамдық сана-сезімі оянған, парасаты мен ар-ожданы биік, іскер, қабілетті, шығармашыл, кәсіпкер, нарық жағдайында бәсекелестікпен еңбек ете білетін, әрбір жұмыстың пайдалы көзін тауып, өзінің таңдаған мамандығына деген білімділігін, біліктілігін көрсете білетін азамат тәрбиелеу - қазіргі қоғамның талабы.
Демек, жастарды дәстүрлі еңбектің қай саласында болмасын тек мәлімет жиынтығын меңгерумен шектелмей, терең білімді, ізденімпаз, еңбек іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өзінің ұлттық болмысын таныта алатын маман етіп тәрбиелеу қажеттілігі айқындалған.
Осығын орай, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңаруы қоғамдағы ірі өзгерістермен бірге, ұлттық сананы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді, халықтық қадір-қасиетімізді, психологиялық табиғи белгілерімізді жандандыру мен жаңартуымызға елеулі септігін тигізуде.
Әсіресе, қазіргі дүниежүзілік жаһандану, ғылыми-техникалық прогрестің өркендеуі мен ғарышты игеру заманында, әлем халықтарының тұрмыс- тіршілігіндегідей, қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлері өнеркәсіп салаларындағы еңбек түрлерімен қатар, ең басты күнкөріс көзі болып келеді және бола бермек. Сондықтан нарық кезеңінде жастарды еңбекке баулу процесінде, әсіресе, ұлттық тәрбиедегі дәстүрлі еңбекке ерекше назар аудару қажет.
Өйткені, қазақ халқының жастар тәрбиесі жөнінде сан ғасырдан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Оны халқымыз ең жақсы деген қасиеттермен байытып, ұл-қыздарының бойына сіңіріп отырған. Ұлттық тәрбие-жұртшылықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, ғасырлар бойы өсіп-өркендеп, сараланып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұра.
Мәселен, ұлттық тәрбиедегі еңбек дәстүрінің бірі «Асар». Ол көпшіліктің жәрдемін пайдалану дәстүрін мазмұндайды. Бұрын қазақтарда үлкен бір істі қолға алып, тез бітіру қажет болғанда «асар» жасайтын тамаша еңбек дәстүрі болған. Асар жасаушы адам алдымен жұмыс түрін, уақытын айтып, ағайын-туған, жора-жолдастарын асарға шақырады. Қазақтар өрттен, тасқыннан, зілзаладан бүлінген нәрсені орнына келтіруді, жабағы қырқып, күзем алу, егін орып, шөп шабу, арқан есіп, киіз басу сияқты жалғыз-жарым адам өндіре-бітіре алмайтын істі ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып, күш жиыстырып бірігіп атқарған. Мұндайда істен қашып, жалтару болмауы тиіс. Сөйтіп, істі жұмылып атқарып, азаматтық, адамгершілік мінез таныту арқылы жастарға жақсы үлгі-өнеге көрсетіледі. Асар жасау кезінде пайда болатын көтеріңкі көңіл-күйі, ауызбірлік, жайдарлылық жастарға мерекедей әсер етіп, олар қалтқысыз туысқандық, тілектестік әрекеттің тамаша екенін сезінеді. Бұл адамдықты ардақтауға, адамның ақыл-парасатына, еңбегіне, инабатына сүйінуге күшті серпін береді. Асарды Қазақстанның кейбір аймақтарында «үме» дейді.
Үме (салт). Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары бас қосып, көпшілік болып, «бір жеңнен қол шығарып», бірігіп атқарады. Әсіресе, қысқа мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бел орақтарын шыңдап, қайрап, іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге «ет асаймыз» деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды [2].
Міне, осындай ұжымдық еңбек дәстүріне жастарды қатыстыра отырып, қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлерін меңгереді және ересек адамдардың жарасымды, ынтымақтасқан іс-әрекеттерінен үлгі-өнеге алады. Осы айтылғандардың барлығы қазақ халқының моральдық-этикалық көзқарастарға аса мән бергенін, олардың еңбек тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары болғандығын дәлелдейді: біріншіден, қазақ халқының моральдық-этикалық көзқарастары жастардың еңбек тәрбиесінің жетекші құралы, әдіс-тәсілдері, амал-жолдары, мінез-құлық ережелері қызметін атқарады, екіншіден, жастардың еңбек іс-әрекетіндегі мінез-құлқын, сана-сезімін, абырой мен намысын, ар-ұятын қалыптастырады.
«Ар, ұят» – адам бойындағы адамгершілік қасиеттің өлшемі, тұлғаның өз әрекеті мен ниеті үшін жауапкершілігін сезінуі және адамның өзіне-өзі ұждан тұрғысынан баға бере білуін бейнелейтін әдептанулық категория [2, Б. 10]. Этикалық әдебиетте «ар» туралы көптеген анықтамалар мен ережелер кездеседі. Мәселен, Сенека «ар» деп, адамгершілік өлшемдеріне байланысты біздің мінез-құлықтарымызды құптайтын немесе айыптайтын ішкі даусымызды айтады. Стоиктер, яғни ежелгі Стоя қаласының ойшылдары бұл ұғымды адамды қорғап тұратын күшпен теңейді. Діни танымда оны адам бойындағы имандылық деп қарастырады. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген пікір бар. Гегель «ар»-ды жақсылықтың іштей айқындалу процесі ретінде бағаласа, Ж.П.Сартр оны «тұлғаның қоғамдық талаптар қысымына өзінше берген жауабы»,- деп бағалайды. Қазіргі батыстық этикада ардың беделшілдік және гуманистік түсініктері айқындалған. Біріншісі сырттан танылған құндылықтарға икемделумен байланысты болса, екіншісі адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне қатысты. Қазақ халқының дәстүрлі әдеп жүйесінде ар ұғымы жоғары бағаланады. Кісіліктің негізгі қасиеттерінің бірі – арға кір түсірмеу. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді халық мақалы. Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Абай арды надандық ұят және шын ұят деп екіге бөледі. Надандық ұяты дегеніміз – жас баланың сөз айтудан ұялғаны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Ал шын ұят – шариғатқа, абыройға теріс, ақылға сыйымсыз, сөкет қылықтан ұялу. Бұл – тек есті адамға ғана тән қасиет.
Ал екіншісі - өзің істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылықтан ұялу. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, қылған қысымның аты екенін айтады Абай [3]. Шәкәрім барлық әдептілік түсініктерін «ар ілімі» маңайына топтастырған. Ары бар кісі ғана иманды, ізгі, парасатты болып келеді. Шәкәрім айтқан «арлы азамат» - жақсы мен жаманның айырмашылығын терең түсінетін, сөз бен ісі түзу, әділ, намысшыл адам. Оның пікірінше, руханилыққа жеткізетін 4 жол бар: 1) еңбек; 2) өнер; 3)жалпы білім; 4) ар ілімі. Соңғысы моральдың түп қазығы болып табылады.
«Ар», «намыс», «ұждан» түсініктері кездескен жерде «ұят» түсінігінің қалыс қалуы мүмкін емес, өйткені олар бір-бірімен өзара тығыз байланыста. Ұят жоқ жерде береке-бірлік те, ізет-әдеп те жоқ. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда:
Ұятсыз, арсыз, еріншек, Алты бақан ала ауыз, Көрсеқызар жалмауыз.Өзін-өзі күндейді, Сорлы қазақ сол үшін, Жақынын жалған мінейді [3, Б.250].
Ұят ұғымына қазақ халқы аса мән беріп оны адамгершілік қасиеттерінің біріне балаған. Оны «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі», «Ынсап, ұят, терең ой – асыл зейнет біліп қой», «Өз ұятын білген кісі, бір кісіге төрелік береді», «Ұят кімде болса, иман сонда», «Ұят – иман белгісі, ұяттыда иман бар», «Ұяттан адам өлмейді, сағы сынады», т.б. мақал-мәтелдерден, әңгімелерден аңғаруға болады.
Ұлттық тәрбие «ар-ұят» ұғымдарын жастарды еңбекке тәрбиелеуде өте ұтымды пайдаланған. Бұған мына төмендегі әңгіменің мазмұны дәлел бола алады. Баяғыда бір білімді де көргенді адам болыпты. Оның жалғыз ұлы бар екен. Сол бала ержетіп, ат жалын тартып мінуге жарап қалғанда, әкесі оған еңбек етіп, ақша табуды тапсырыпты. Бірақ анасы жалғыз ұлын аяп, әлі бұғанасы қаптаған жас деп, баласының жұмыс істеп табатын ақшасын үйдегі ақшадан алып беріпті. Бала әлгі ақшаны кешқұрым «бүгінгі табысым» деп, әкесіне бергенде, әкесі оны алған бойда, ошақтағы отқа лақтырып жіберіпті. Бала оған қыңқ етпепті. Екінші және үшінші күндерде де тап солай болыпты. Төртінші күні әкесі ақшаны тағы отқа тастағанда: «Ойбай, көке, ақшаны өзім тауып едім ғой!» - деген екен дейді [4].
Демек, адал еңбекпен жеткен жетістік шын қуанышты да, тапқан табыс өте қадірлі. Сонымен қатар ол адамды тәрбиелейді, тәртіпке түсіреді. Бұдан шығатын қорытынды: адам тек қана еңбек арқылы қалыптасып, кемелденеді, өз жөнін өзі білетін, ешкімге жалынышты, тәуелді емес, өзінің бақыты мен қуанышы, атақ-абыройы үшін ешкімнің алдында ұятты, қарыздар емес жеке тұлғаға, сонысымен қоғамға пайдалы, айналасында сыйлы, қайырымды, шапағат иесіне, шын мәніндегі инабатты кісіге айналады.
Алайда қазақ халықының ұлттық тәрбиесінде осы қасиеттермен қатар, халқымыздың моральдық-этикалық көзқарастар ұстанымында жастарды еңбекке тәрбиелеуде «абырой», «намыс», «парыз» және т.б. ұғымдар жоғары бағаланған.
«Абырой» - адамның өзіне деген айрықша моральдық көзқарасын білдіретін этикалық категория және жеке тұлғаның қадір-қасиеті мойындалатын қоғамдық пікір; адамның өзі айналысатын кәсібіне (мамандығына), қабілет-қарымына толық сәйкес келуі. Моральдық мағынада адамға тән қасиеттердің жиынтығы, ол осы қасиеттері арқылы еркін шығармашылық еңбекпен шұғылдануға бейімделуі мүмкін. Адам абыройы мен қадір-қасиеті оның шыққан тегі, білімі немесе әлеуметтік жағдайымен емес, жеке тұлға және азамат ретінде еркін ерік күшінің болуымен айқындалады. Абырой еңбек сіңіру түсінігінен осы жағымен ерекшеленеді. Егер басқалармен салыстырғанда, адам құндылығы осындай қырларымен танылатын болса, онда еңбек сіңірудің өлшемдері биік мақсаттарға ұмтылыс ретінде көрінеді; ал адамның өзі оларға қол жеткізу құралы болып табылады. Әйтсе де адамға деген мұндай көзқарасты абсолюттендіру оны «тегершік» ретінде қабылдауға әкеліп соқтырады. Барлық адамдар, табиғи және әлеуметтік айырмашылықтарына қарамастан, әлеуетті абырой иелері. Бірақ бұл қасиет әрбір адамда өзінің мүмкіндіктерін қалай падалануына орай әр түрлі дәрежеде көрінуі мүмкін. Күйзеліс, қайғы-қасірет салдарынан адам өзінің абырой-беделін сақтау сезімін жоғалтуы да ғажап емес. Адамның өз абыройын арттыруы жеке тұлғаны дәстүрлі еңбекке тәрбиелеу процесі барысында жүзеге асады, ал оның негізгі шарты – ересектердің жастарға деген сыйластық қарым-қатынасы болып табылады [5].
Адам абырой үшін қызмет етеді, кейін абырой адам үшін қызмет істейді. Абырой мысқылдап жиналғанмен, қапшықтап төгілуі ықтимал. Сондықтан халық әсіресе жастарға бата бергенде алдымен «абыройлы болсын!» дейді. «А, құдай, абыройыңнан айырма!» деп отырады. Абырой адамның қоғамдық бейнесін, өз еңбегімен жинаған беделін танытады. Өйткені ол адамның бойына туа біткен немесе өзіне-өзі сыйлайтын, беретін, нәрсесі емес. Ол – айналадағы адамдардың, халықтың, қоғамның белгілі бір кісіге, оның еңбегіне деген аялы, құрметті көзқарасы. Одан айрылу - өзінің қадір-қасиетін білетін адам үшін өте ауыр жаза. Сол үшін де халық мақалында:
Қоянды қамыс өлтіреді, Ерді намыс өлтіреді, - дейді.
«Намыс» - арлы адамның өзіне, айналасына, ұлтына кір келтірмес үшін күресте бойына қайрат беретін сезімі. Қазақ халқы ұлттық намысқа ерекше мән беріп, халықтық тәлім-тәрбие жүргізеді [5, Б. 154]. Тарихта оның мысалдары аз емес. Намыс үшін адамдар жанын да қиған. Жеке бас қана емес, отбасы, әулетінің, ауыл-аймақ, ата жұртының, ата мен ананың, әкпе мен қарындастың, туыстың абыройын қорғау да намысқа байланысты. Заман қаншалықты құбылып, өткенге көзқарас қаншалықты өзгерсе де, ол азаматтардың әлгі айтылған қасиетті сезімін қазіргі ұрпақ түсінуге, ардақтауға тиіс. Өйткені намыс сенің ұлтыңа, ұлысыңа, саясатыңа тәуелді емес, ол жалпы адамзатқа ортақ қасиет. Заң өзгерер, бәлкім, заман да құбылар. Ал адамшылық өлшемі ешқашан мызғымайды.
Намыс – адамның қадір-қасиетіне байланысты өте нәзік, өткір, күшті, лап етпе сезімі. Сондықтан адамдардың үлкен кемшіліктерінің бірі - әдейі немесе аңдамай біреудің намысына тиюі. Адамға қол жұмсағаны, қатты сөз айтқаны үшін жағдайларына, себептеріне қарай кешірім жасауға болар да, бірақ адамның адамгершілігіне тию, намысына тию – кешірілмес әдепсіздік. Адамның намысына қатты зақым келтірілсе, айталық, мәдени мұрасы ұмытылып, дәстүрлі мәдениеті ескерілмесе, Отаны масқараланып, елі қорланса, бұл сол елдің барлық азаматтарының намысын келтіріп, ұрыс-жанжал, тіпті, қан төгістерге апарып соғуы мүмкін. Сондықтан ешкімнің намысына тимеу қоғамдағы, әсіресе мектеп пен әр түрлі оқу орындарындағы моральдық-этикалық нормалар тәрбиесі басты бағыттарының бірі болуға тиіс.
Моральдық қасиеттер адамдардың қимыл-әрекеттерінен, қарым-қатынастарынан туындайды. Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттілік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ұждан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді.
Бұл жерде ұждан дегеніміз – адамның өз мінез-құлқын бақылау, қадағалау, оған белгілі бір шек қойып, мүлтіксіз орындау қабілетін бейнелейтін әдептану санаты. Ұждан адамның халық пен қоғам немесе жеке адамдар алдындағы өз әрекеті, іс-қимылы үшін моральдық жауапкершілігін сезініп, саналы түрде ұғынуын, өз ойы мен іс-әрекетін адамгершілік ұжданымен бағалай білуін бейнелейді. Ар-ұждан намыс деген ұғыммен тығыз байланысты. Ар-ұждан – адамның өз тәртібін өзінің қадағалауына негізделген, тұлғаның этикалық қарым-қатынасымен байланысты қарастырылатын мінез-құлықтық категория [5, Б. 221]. Ал бұлар жеке және қоғамдық сипатта болады. Қоғамдық іс-әрекет, қимыл адам баласының дамуында прогресшіл рөл атқарады, материалдық және рухани байлықтың көзін ашады, қоғамды ілгері дамытушы күшке айналады. Ал жеке сипаттағы іс-әрекет қоғамдық мазмұннан қол үзуге, онан шеттелуге тиіс емес. Себебі, адам – бүкіл қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Сондықтан оның қоғамда өмір сүре отырып, қоғамның заңдары мен ережелеріне бағынбауға хақы жоқ. Бұл еңбек тәрбиесінен де көрініс табуға тиіс. Ал ғасырлар бойғы адамдар арасындағы қарым-қатынасты суреттесек, еңбекке даярлау, жастарда моральдық-этикалық қасиеттерді қалыптастыру еңбек тәрбиесінің негізгі принципінің бірі болып саналады.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінде әдептілікке ерекше мән беріледі. Себебі әдептілік – қоғамның рухани дамуы мен экономикалық жетілуінің басты мәселесі ретінде шешуші рөл атқарады. Әдепті ұрпақтың қалыптасуы еңбек тәрбиесі процесінің барысында балалық шақтан басталған жағымды қасиеттерінің көрсеткіші ретінде «әдеттен» өріс алады.
«Әдет» - адамның күнбе-күнгі тіршілік қажетіне байланысты қалыптасқан тұрақты мінез-құлқы, іс-қимыл ерекшелігі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деу, әдеттің тұрақты еңбек ету іс-әрекетіндегі қажеттілікке айналғанын көрсетеді. Әдеттің ұнамды, ұнамсыз түрлері болады. Жақсы әдет адамның күш-жігерін қоғамға пайдалы істерге арнауына, уақытын үнемдеп, негізгі ісін тындыруына көмектеседі. Жаман әдетті адам қауымның (отбасының, еңбек ұжымының, т.б.) берекесін алып, оғаш қылығымен өзінің ортадағы қадір-қасиетін төмендетеді [6]. Демек, жастарды еңбек тәрбиесіндегі әдетке айналған жарасымды мінез-құлқы мен жұмыс орнын тәртіпке келтіріп ұстауы, жұмысына кешікпей келуі, өзіне берілген тапсырманы тиянақты орындауы және т.б. іс-әрекеттеріне ұдайы жауапкершілікпен қарауы - оның жақсы әдеттерді қалыптастырғандығының көрінісі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.А. Стратегию 2030 претворять молодым //«Учитель Казахстана», 17 января, 1998. – С. 2-3.
2. Кенжеахметұлы С. «Жеті қазына». – Алматы, «Ана тілі», 2002. – Б. 16.
3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы. - Алматы. 1986. – 640 б.
4. Асылов Ұ., Нұсқабайұлы Ж.Әдеп: инабаттылық дәрістері.Оқу құралы.– Алматы, «Рауан», 1998. – 272 б.
5. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Педагогика және психология. /Жалпы ред. басқарған А.Қ. Құсайынов – Алматы, «Мектеп», 2002. – 256 б.
6. Қалиев С., Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері (орта мектептің VІІІ – ІХ кластарына арналған оқу құралы). – Алматы, «Рауан», 1994. – 222 б.
Резюме: данная статья посвящается актуальной проблеме воспитание молодежи, в частности: выявление национальных особенностей трудового воспитания подрастающего поколения.